Мектебіміздің құрметті ұстазы!
«Ұлттың тілі-халықтың жүрегі, ақыл-ойы», -деген екен Ататүрік.Ал анамыздың балдай сүтімен бойымызға сіңген тілімізді дамытатын да, «Егер тілім ертең болса құрымақ, мен дайынмын өлуге де бүгін-ақ!» -деп жар салатын патриоттарды тәрбиелейтін де қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері.Осындай зор жауапкершілік жүгін арқалаған ұстаздың бірі –Абдрахманова Нұржан Айғожақызы.
Нұржан Айғожақызы 1962 жылы желтоқсан айының бірі күні Қасқатау бауырында дүниеге келген.Мағжан бабамыз патшаның тағына теңеген балалық шағынан армандаған мұғалім болсам деген ойы орындалып , туған ауылында жемісті еңбек етуде. Адамдықтың дәнін , білім нәрін себуші ұстаз 40 жылдан аса ерінбей, жалықпай еңбектенгенінің нәтижесінде зор жетістіктерге жетті.Ұстаз әр шәкіртін жеке тұлға етіп қалыптастыру бағытында нәтижелі еңбек етуде. Оқушылары үнемі аудандық , облыстық , республикалық сайыстарда жүлделі орындарға ие болуда. Атап айтар болсақ , «Көкжиек» баспасы ұйымдастырған шығармалар сайысында 9-сынып оқушысы Абдрахманова Айнұр облыс көлемінде 2-орынды иеленіп, мектеп абыройын асқақтатты.Қазақ елінің ұлы тұлғалары жайлы шығармалар сайысында оқушысы Ұлықбек жүлделі 3-орынға ие болды.Нұржан Айғожақызы дайындаған оқушылар Абай-Махамбет оқуларында үнемі жүлделі орындарға ие болуда.Рахимова Зарина, Исенова Аида атты оқушылары Абай атамыздың шығармаларын жаттаудан ерекше көзге түсіп, ұлы бабамыздың туған жерінде өткен республикалық сайысқа да қатысып, жүлделі орынға , марапатқа ие болды. Смаилова Динара, Бектасова Аружан есімді оқушылары Махамбет шығармаларын жаттаудан ауданда 1-орынды иеленсе, облыстық кезеңде жүлделі 3-орынды жеңіп алды. Теміртас Жансұлу атты оқушысы 5-сыныптан бері Махамбет оқуларына қатысып , ауданда жүлделі орындарға ие болуда.Қабыкен Әділет, Қабдөш Ербатыр, Хасенова Дария, Борамбай Гүлімай,Әлімжанова Аягөз, Шаханова Меруерт сияқты оқушылары- «Жарқын болашақ» қазақ тілі олимпиадасының жүлдегерлері.Жаңа ізденістерге оқушыларын құлшындырып жүретін Нұржан Айғожақызы жоба жұмысында да ерекшеленуде.Бастауыш сыныптан бері дайындаған оқушысы Теміртас Жансұлу «Ойындық фольклор-ұлттық дүниетанымның кәусар бұлағы», «Қазақ халқының қасиетті тұмары-бата және оның ұлттық құндылығы» және «Өтірік өлең» атты жобаларды сәтті қорғап, облыс көлемінде де жүлделі орындарға ие болды. Қасық қандары қалғанша туған жердің азаттығын қорғаған аталары жайлы «Қарабұлақтық боздақтар жайлы естеліктер жаңғырығы» атты жобамен Қабыкен Әділет облыста марапатқа ие болды.
Қазақ әдебиетінің ұлы тұлғаларының бірі-Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдық мерейтойына арналған «Сәкен оқулары» атты аудандық сайыста Теміртас Жансұлу «Сыр сандықты ашып қара»номинациясы бойынша жүлделі 1-орынға ие болды.Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арналған «Желбіре, Жеңіс жалауы!» байқауында да 1-орынды иемденді.
Еңбекқор ұстаз оқушысы Теміртас Жансұлумен демалыс уақытында да жұмыс істеп , қашықтық сайыстарына қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Білім нәрімен сусындаған шәкірттері биік белестерден көрініп жатса, бұл «ақырын жүріп, анық басқан» ұстаз еңбегінің жемісі.
Қиындығы да, қызығы да мол еңбек жолында Нұржан Айғожақызы аудандық білім бөлімінің мадақтамасымен, облыстық білім бөлімінің Алғыс хатымен марапатталды. Ұлттық рухани жаңғыру аясында еліміздің жүрегі –Астана қаласында өткізілген байқауға қатысып, «Қазақстанның құрметті ұстазы» атты төсбелгіге және 1-дәрежелі дипломға ие болды. « Шығармашылық диктант» еңбегі үшін Халықаралық жәрмеңке сайысында 3-ші орынды иеленіп, қола сертификатқа ие болды.
Нұржан Айғожақызы ауыл ішінде өткізілетін іс-шараларға да белсене қатысады. Туған жеріне қалтқысыз берілген, әр істі жауапкершілікпен орындайтын Нұржан Айғожақызы «атаның баласы емес, адамның баласы » болуды өзіне парыз санайды, сондықтан әр адам оған дос, туыс, бауыр.Терең білімін, риясыз еңбегін шәкіртке сыйлай білетін, тұлға тәрбиелеу ісінде мектебімізде белсенді қызмет атқарып келе жатқан жауапкершілігі мол ұлағатты ұстаз халқына еңбек қылуды, ақ жолдан айнымай ар сақтауды өзінің адамдық борышы санайды.
Қарабұлақ ауылының негізгі мектебінің тәрбие ісінің орынбасары Құсайынова Гүлжан Қабыкенқызы